БАРЛАУ ЖӘНЕ ӨНДІРУ
2014 жылы «ПетроҚазақстан Инк.» 4,883 млн. тонна мұнай өндірді, соның ішінде 50%-ы «Қазгермұнай» және «Торғай-Петролеум» БК-ға тиесілі. Осы соманың ПҚҚР-ға тиесілі нақты жиынтық үлесі Көлжан және ПҚОП бойынша 2,788 млн.тонна мұнай, өнімнің 50%-ы «Торғай-Петролеум» үлесінде – 0,599 млн.тонна және 50% өнім «Қазгермұнай» – 1,499 млн.тонна мұнай алған.
2014 жылы ПҚҚР, Көлжан және ПҚВИ-да 101 жаңа ұңғыма бұрғыланды, соның ішінде 47 өндіруші, 54 барлау-бағалаушы, ал Қазгермұнай 28 өндіруші ұңғыманы жұмысқа қосты. Тәуелсіз аудитор Ryder Scott-тың берген есебі бойынша, Р1 санатты мұнай қорының өсуі ПҚИ-дың барлық топтарында 1,9 млн. баррельді құраған.
ҚАЙТА ӨҢДЕУ
2014 жылы ПҚОП 5,065 млн. тонна шикізатты қайта өңдеді, бұл 2013 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 208 мың. тоннаға көп.
Өткен жылы МӨЗ-іміз нарықты тұрақтандыру және халық арасындағы алаңдаушылықты азайту мақсатында жоспарлы жөндеу жұмыстарына тоқтамай, зауытты апатсыз әрі үздіксіз жұмыспен қамтамасыз ете отырып, жергілікті аймақтарда мұнай өнімдерін кеңінен таратты.
Өткен жылы жоғары октанды бензин өндіру 735 мың тоннаны құрады, өңдеу тереңдігі – 75%, ал мөлдір мұнай өнімдері – 57% болды. 2013 жылмен салыстырғанда зауыт бензин, әуе керосині, мазут және вакуумды газойлды өндіру көлемін арттырды.
ПҚОП-та Жаңғырту жобасын жүзеге асыру және Шымкент МӨЗ-ін қайта құру жұмыстары жалғасын табуда. Осы жұмыстардың нәтижесінде МӨЗ-де 14 жаңа технологиялық қондырғы бой көтеретін болады, олардың қатарына RFCC ауыр қалдықтардың каталитикалық крекингі қондырғысы, Prime G+ каталитикалық крекинг бензинін гидротазалау қондырғысы, МТБЭ өндіру қондырғысы, қанықпаған СКГ-нан күкіртті тазалайтын Меrох қондырғысы, ақырғы газды тазалау және күкірт алу қондырғылары жатады. Жаңа технологиялық қондырғылардың лицензиарлары британдық UOP, француздық Axens және қытайлық СPE сияқты әлемдік көшбасшылар. Сондай-ақ осы жұмыстардың барысында үш қондырғы қайтадан қалпына келтіріледі.
Сонымен қатар МӨЗ-де жалпы зауыт шаруашылығына қажетті қосымша жаңа қондырғылар салынады. Олардың қатарына: азот алу қондырғысы, БжА ауасын сығымдау қондырғысы, суды химиялық жолмен тазалайтын, бу дайындайтын (қазандық) қондырғылар және мұнай өнімдерін сақтайтын суқоймалар, факелді қондырғы, орталық оператор бөлмесі (технологиялық үдерістерді басқару үшін) және басқа қондырғыларды жатқызуға болады.
Аталған жұмыстардың басты мақсаты – ЕУРО-4 және ЕУРО-5 стандарттарына сәйкес мұнай өнімдерін шығару, өңдеу тереңдігін арттыру және мөлдір мұнай өнімдерін қайта өңдеу екенін естеріңізге саламыз.
МАРКЕТИНГ ЖӘНЕ ТАСЫМАЛДАУ
Жыл өткен сайын компаниямыз тұтынушыларға жанармай жеткізу міндетін үздіксіз орындап келеді. Дәл осылай, 2014 жылы да ҚР-дағы ЖЖМ нарығын тұрақтандыру мақсатында және әлеуметтік жауапты компания мәртебесін қолдай түсу үшін «ПетроҚазақстан» әлеуметтік бағдарламалар бойынша нарыққа 1,25 млн. тонна мұнай өнімдерін (дизельдік отын, бензин, мазут, әуе керосинін) шығарды.
Осылайша, 2014 жылы ҚР-ның тек ішкі нарығын қанағаттандыру үшін Шымкент МӨЗ-і толлингтік компанияларға кеткен қорды қоса алғанда 3,1 млн. тонна мұнай өнімдерін жеткізген: дизельдік отын, бензин, ТС-1 және М-100 мазуты.
Сондай-ақ, біздің жалпы жылжымалы құрамымыз 2210 бірлікті құрап, толлингтік компаниялар үшін вагон операторларының сапалы қызметін көрсетіп, Қазақстандағы жүкті жеткізу бойынша көшбасшылардың бірі деген атағымызды сақтап қала білдік.
Жүк тасымалдаудың жөнге салынған жүйесінің арқасында және компанияның жылжымалы құрамын тиімді пайдаланып, мемлекеттік органдар тарапынан ешқандай шағым алмаған компаниямыз мұнай өнімдерін тасымалдау саласында тұрақты әрі ұзақ мерзімді серіктес абыройына ие болып отыр.
ҚЕҚОҚ
Өндірістегі қауіпсіздікті насихаттау арқылы компаниямыз ҚР-ның 78 жетекші мұнай-газ өндіруші компанияларының өкілдері қатысқан және KAZENERGY қамқорлығымен өткен «ӨҚ, ЕҚ, ҚОҚ және ТЖ салалары бойынша озық тәжірибе» атты 1-ші Конференцияның алғашқы бастамашысы болды. Ал компанияның өз ішінде жаңадан енгізілген ҚЕҚОҚ бөлімі белсенді түрде жұмыс істеуде, бұл бағдарлама жұмысшылардың орын алуы мүмкін қауіпті жағдайлар мен әрекеттерді алдын ала хабарлағанын қолдау үшін құрылған болатын. Нәтижесінде «ПетроҚазақстанның» 16 жұмыскері осындай еңбегі үшін марапатқа ие болды.
«ПҚОП» ЖШС халықаралық ISO:14001 талаптарының стандартына сәйкестігі бойынша қайта сертификаттаудан және OHSAS:18001 стандартына сәйкес келуі бойынша бақылау аудитінен сәтті өтті. Сондай-ақ, «ОҚО бойынша үздік мекеме, өнеркәсіп, еңбекті қорғау қызметі» байқауының қорытындысына сай, біздің компания «Ең үздік қауіпсіз кәсіпорын» атағына ие болды. Сонымен қатар өңдеуші бөлім кәсіпорынның санитарлы-сақтау аймағын көркейту жұмыстары шеңберінде 1350 ағаш отырғызды.
ПҚҚР жұмыскерлерді өрт сөндіру құралдарын дұрыс пайдалануға және өрттің алдын алуға үйрету мақсатында жыл сайын өрт қауіпсіздігіне байланысты «Өртті сөндіргеннен гөрі, оның алдын алған оңайырақ» атты сайыс өткізеді. «ПетроҚазақстандағы» қауіпсіздік мәдениетін жоғарылатуға бағытталған «Қорғау» жобасын жүзеге асыру шеңберінде ҚЕҚОҚ біріктірілген басқару құрылымы ашылды, оны қауіпсіздік жөніндегі орталық комитет басшылыққа алады, сондай-ақ кен орындарында каскадты комитеттер жүйесі құрылып, іс-әрекет қауіпсіздігіне тексерулер жүргізіліп отырады.
КОРПОРАТИВТІК ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІК
Әдеттегідей «ПетроҚазақстан» өзінің қызмет аймақтарында түрлі жобаларға демеушілік қолдау көрсетуін тоқтатқан емес. Сол себепті де біз 2014 жыл бойынша қолға алынған әлеуметтік жауапкершілік міндеттердің барлығы – дәстүрлі демеушілік жобалар, қамқорлықтағы мекемелерге қолдау көрсету немесе облыс әкімшіліктерімен ынтымақтастық туралы меморандум шеңберіндегі жұмыстардың сәтті аяқталғанын мақтан етеміз. Жалпы алғанда «ПетроҚазақстанның» 2014 жыл бойынша әлеуметтік жобаларға жұмсаған қаржысы 7 млн. АҚШ долларынан асты, соның ішінде 4 млн. Меморандумдар шеңберінде жұмсалды.
Спорт саласындағы жобалар – компаниямыздың сыртқы және ішкі саясаты үшін аса маңызды. Оған мысал ретінде «ПетроҚазақтсан» Спартакиадасын атап өтуге болады. 2014 жылдың қыркүйек айында өткен 5-ші мерейтойлық Корпоративтік Спартакиадаға біздің компания қызметкерлерінен тыс «ПетроҚазақстанның» бірлескен кәсіпорындары «Қазгермұнай» ЖШС және «Торғай-Петролеум» АҚ-нан 100-ден астам жұмыскерлер қатысты. Ал іс-шараның ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуы корпоративтік ортадағы бұқаралық спортты дамытудың маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті.
2014 жылдың күзінде «ПетроҚазақстан» басшылары қамқорлыққа алған мекемелердің өкілдерімен есеп беру кездесуін өткізді. Осы кездесу шеңберінде, Ұлы Отан соғысының 70 жылдығы қарсаңында, Оңтүстік Қазақстан облысының Ардагерлер кеңесіне 5 млн. теңге ақшалай сертификат ұсынылды.
ЖЕТІСТІКТЕР МЕН МАРАПАТТАР
Біз компаниямыздың аймақтар жетілуіне елеулі үлес қосып келе жатқанын және ПҚҚР мен ПҚОП қызметкерлерінің еңбегі мемлекеттік деңгейде бірнеше мәрте еленгенін мақтан тұтамыз.
Осылайша, Мұнайшылар күні кәсіби мерекесінің қарсаңында «Қазмұнайгаз», «Самұрық-Қазына» ҰК АҚ және ҚР Энергетика министрлігі «ПҚҚР» АҚ-ның 7, ал «ПҚОП» ЖШС-нің 14 қызметкерін «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен, «ҚазМұнайГаз» құрмет белгісімен, құрмет грамоталарымен және «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен марапаттады, ал ПҚОП-тың 30 қызметкері компания басшылығының Құрмет грамотасына ие болды.